Мәжіліс депутат Ардақ Назаровтың жақында пленарлық отырыста анасын туған күнімен құттықтаған әрекетіне қатысты түсініктеме берілді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Парламенттің төменгі палатасы Tengrinews.kz басылымының ресми сауалына берген жауабында Ардақ Назаровтың іс-әрекетінен регламент пен депутаттық әдеп нормаларын бұзу белгілері байқалмағанын жеткізді.
"Депутат Назаров А.Қ.-ның 10 қыркүйектегі Мәжілістің пленарлық отырысында депутаттық сауалды жариялау барысында анасын құттықтауы Парламент пен Мәжіліс регламентінің, сондай-ақ депутаттық әдеп ережелерінің тікелей бұзылуы болып саналмайды", – делінген ресми жауапта.
Сонымен қатар Мәжілісте бұл құттықтау отырыстың барысына әсер етпегенін атап өтті. Осыған орай, депутаттарға аналарын мінберден құттықтауға болатыны, бастысы – Назаров сияқты "әдепті түрде" жасау қажеттігі айқындалды.
Дегенмен Мәжіліс өкілдері парламенттік мінбер ең алдымен өзінің тікелей мақсатына сай қолданылуы тиіс екенін де еске салды.