2025 жылдың ағымдағы кезеңінде ұлттық және діни араздықты қоздыру фактісі бойынша 11 адам сотталды. Бұл туралы Астана прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мәселен, елорда тұрғыны Тик Ток әлеуметтік желісінде, тікелей эфирде әдепсіз сөздерді қолданып, басқа ұлтқа қатысты бұрыс пікір білдіріп, сол арқылы ұлттық негізде жанжал тудырған.
Бұл әрекеттер Қазақстан Республикасы қылмыстық заңнамасы талаптарына қарама-қайшы болып келеді.
«Мемлекеттік айыптаушылармен сотталушылардың кінәсі толық дәлелденген, нәтижесінде олардың барлығына әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. 11 тұлғаға қатысты сот актілері заңды күшіне енді», - деп хабарлады прокуратура.
Қала прокуратурасы арандатушылыққа бой алдырмауға, түрлі ұлт пен дін өкілдерінің арасына араздық тудыратын сөздер мен әрекеттерге жол бермеуге назар аударады, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздырғаны үшін қылмыстық жауаптылықтың қарастырылғанын, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделгенін еске салады.