Жетісу облысында полиция қызметкерлері ҰҚКД және прокуратурамен бірлесіп, жасөспірімдерді тіркелмеген діни ағымға оқыту әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тексеру кезінде жатақхана ретінде пайдаланылған бөлмелерден шетелдік діни кітаптар мен оқу материалдары табылған.
Ұйымдастырушылардың бұрын өздерін қайырымдылық қоры немесе балалар пансионаты ретінде көрсетіп, жасырын сабақтар өткізгені белгілі болды.
Айта кетейік, биыл наурыз айында Талдықорған қалалық сотының шешімімен мұндай жалған қайырымдылық ұйымдар мәжбүрлі түрде таратылған болатын.
«Тексеру нәтижесінде кәмелетке толмағандарды заңсыз діни сабақтарға тартқаны үшін діни рәсімдерді ұйымдастырушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тұрғын үйде тіркеусіз тұрған төрт “ұстазға” қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жасөспірімдердің ата-аналары балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ ата-анасы басқа өңірде тұратын бір кәмелетке толмаған жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды», - деп хабарлады ПД.
Қазіргі уақытта аталған тұлғалардың әрекеттері бойынша тексеру жалғасуда. Нәтижесінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.