Ресейдің әртүрлі аймақтарында бір тәуліктің ішінде екінші мектеп опырылды. Алғашқы оқиға 20 қыркүйек күні күндіз Мәскеуде болған, жөндеу жұмыстары кезінде білім ордасының төрт қабаты бірдей қирап түсті. Екі адам қаза тапты, бір бөлігі үйінді астында қалған. Ал 21 қыркүйек таңертең Новосібірде мектеп ғимаратының бір бөлігі қирады. Желіде оқиға орнынан түсірілген қорқынышты видео мен суреттер тарап жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz URA.RU-ға сілтеме жасап.
Новосібір облысының Татарск қаласында 21 қыркүйек таңертең №5 мектеп ғимараты құлады. Екі қабатты нысанның қирау сәті куәгерлердің видеосына түсіп қалған. Оқиға демалыс күні болғандықтан, мектеп ішінде ешкім болмаған.
«Толықтай қирап түсті, нағыз апат, ішінде балалардың болмағаны жақсы болды», – деген куәгердің сөзін «Татарск — Online» telegram-арнасы келтіреді. Кадрларда ғимараттың бір бөлігі опырылып, ішке қарай құлағаны анық көрінеді.
Жергілікті тұрғындар қайғылы жағдайдың алдын алуға сабақтардың болмауы себеп болғанын айтады. Оқиға орнында төтенше қызмет өкілдері жұмыс істеп жатыр.
Новосібір облысы бойынша Ресей ТЖМ баспасөз қызметі хабарлағандай, Татарск қаласындағы орта мектептің №5 ғимаратының бөлігі 21 қыркүйек күні таңертең қираған. Ведомство мәліметінше, оқиға туралы хабар кезекші пультке жергілікті уақытпен 10:40-та түскен. Қирау кезінде ғимарат ішінде ешкім болмаған, алдын ала дерек бойынша зардап шеккендер жоқ.
Қирау салдарынан төрт қабаттың конструкциялары бүлінген. Құтқару қызметі жаңа құлаудың алдын алу үшін ғимарат жабындарын бекіткен.