Алматыда 18 жастағы бойжеткенді такси жүргізушісі күштеп әкетіп, зорлық-зомбылық көрсетті деген дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Arasha.kz.
"НеМолчи" қорының мәліметінше, оқиға 19 қыркүйек күні болған. 2007 жылы туған қызды өзіне ұнап жүрген такси жүргізушісі күштеп алып кетіп, ар-намысына тиген.
"Қызды бес сағат бойы тергеді. Кейін бір полиция бөлімшесінен екіншісіне, одан соң үшіншісіне алып барған. Прокурор қоңырау шалғаннан кейін ғана арызды Медеу ауданында тіркеуге тырысқандай болды, бірақ сараптамаға жіберуден үзілді-кесілді бас тартып отыр", – делінген қор хабарламасында.
Қордың айтуынша, жәбірленуші түні бойы жуынбай, полиция бөлімшелерін аралап жүрген. Мемлекеттік адвокат түн ортасында келгенімен, сараптаманы күтпестен кетіп қалған. Осыған байланысты қор өкілдері Бас прокуратурадан істі өз бақылауына алуды сұрап отыр.
Оқиғаға қатысты пікір білдірген Алматы қалалық полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын және уақытша ұстау изоляторына қамалғанын растады.
"Жәбірленушінің арызында көрсетілген деректер бойынша Медеу аудандық полиция бөлімінде қылмыстық іс тіркелді. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қолданыстағы заңнама аясында жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Алматы полициясы тергеудің әділ әрі жан-жақты өтуін қамтамасыз етеді", – делінген ресми хабарламада.