Аталған мемлекеттер Израиль мен Палестинаның бейбіт қатар өмір сүруін қолдайтынын және қақтығысты «екі мемлекет» принципі бойынша шешуді жақтайтынын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Канада премьер-министрі Марк Карни Палестинаны мойындау ХАМАС-ты қолдауды білдірмейді деп атап өтті. Оның сөзінше, бұл қозғалыс барлық тұтқындарды босатып, қарудан бас тартып, Палестинаны басқарудың болашағында рөл атқармауы тиіс.
«Палестина автономиясы басқаратын мемлекет ретінде Палестинаны мойындау — бейбіт қатар өмір сүруді және ХАМАС-тың аяқталуын қалайтындарға көбірек мүмкіндік береді. Бұл терроризмді заңдастыру да, оған көз жұму да емес. Бұл ешбір жағдайда Канаданың Израиль мемлекетіне, оның халқына және оның қауіпсіздігіне деген мызғымас қолдауына қауіп төндірмейді», — делінген Карнидің мәлімдемесінде.
Ұқсас мәлімдемелерді Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер мен Австралия үкіметінің басшысы Энтони Албанезе де жасады. Стармер ХАМАС-қа қарсы санкцияларды күшейту қажеттігін атап өтсе, Албанезе келесі қадам ретінде дипломатиялық қатынастар орнату және елшіліктер ашылуы мүмкін екенін айтты.
Осылайша, Ұлыбритания мен Канада «Үлкен жетілік» елдерінің ішінде алғашқы болып Палестинаны мойындады. Австралия олардың шешіміне халықаралық бейбіт процеске бастау беру мақсатында қосылды.
Бұған дейін Палестинаны Франция, Испания, Ирландия, Португалия, Норвегия және Армения мойындаған еді.