Ким Чен Ын КХДР «құпия қару» алғанын мәлімдеп, АҚШ-қа үн қатты

22 қыркүйек, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: Reuters

КХДР төрағасы Ким Чен Ын республика қорғаныс әлеуетін арттыру аясында «құпия қару» алғанын айтып, осыған байланысты АҚШ-қа жүгінді, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Газета.ru» жазғандай, Ким Чен Ын халық республикасы ядролық қарудан бас тартпайтынын мәлімдеді.

«Қазір АҚШ-тың денуклеаризация жөніндегі ұранын қолдайтын күштер көп. Бұл күштер КХДР егемендігін елемей, оған елеулі түрде қол сұғуда», — деді Ким Чен Ын.

Солтүстік Корея басшысы ядролық қарудан бас тарту туралы талаптар елдің конституциялық құрылымына қол сұғумен тең екенін атап өтті.

ТАСС деректеріне сүйенсек, Ким Чен Ын сериялық қарудың сипаттамаларының да жақсарғанын айтты.

«Бұдан бөлек, біз жаңа құпия қару алдық. Қорғаныс ғылымы мен зерттеу саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Олар соғыс әлеуетін күрт арттыруға үлкен үлес қосады», — деді солтүстіккореялық лидер.

Ким Чен Ын сондай-ақ, егер Вашингтон «халық республикасын денуклеаризацияға мәжбүрлеу ұмтылысынан бас тартса», КХДР АҚШ-пен диалогқа дайын екенін мәлімдеді.

Еске салайық, биыл тамыз айында АҚШ президенті Дональд Трамп болашақта КХДР басшысы Ким Чен Ынмен кездескісі келетінін айтқан еді.

Ал қыркүйекте Ким Чен Ын Ресей президенті Владимир Путинмен диалог барысында Ресейдің қауіпсіздік мүдделерін қорғауда оны қолдауды жалғастыратынын жеткізген болатын.
 

Тэгтер:

Солтүстік Корея Ким Чен Ын құпия қару