Монополия: «ҚТЖ-Жүк тасымалына» 1,42 млрд теңге айыппұл салынды

22 қыркүйек, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ҚТЖ

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласындағы департаменті «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-не қатысты бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманы бұзу белгілері бойынша тергеп-тексеруді аяқтағандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тергеп-тексеру жүргізуге Қазақстан Республикасы Ұлттық экспедиторлар қауымдастығының, Қырғыз Республикасы Экспедиторлар қауымдастығының және бірқатар көлік-экспедиторлық компаниялардың өтініштері негіз болған.

«Тергеп-тексеру нәтижесінде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС жүк тасымалдау жоспарларын келісу барысында аффилиирленген компанияларға – «KTZ Express» АҚ және «КедентрансСервис» АҚ-ына артықшылық беріп, жеке экспедиторлық ұйымдардың қызметіне кедергілер жасағаны анықталды. Аталған әрекеттер «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС тарапынан монополиялық жағдайды теріс пайдалану ретінде бағаланды», - деп мәлімдеді агенттік.

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 тамыздағы шешімімен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабы 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекет кірісіне 1,42 млрд теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.

2025 жылғы 15 қыркүйектегі Астана қалалық сотының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды.
 

Тэгтер:

монополия айыппұл ҚТЖ-Жүк тасымалы