АҚШ есірткі тасымалдаушыларды атқылағаннан кейін Мадуро Трампқа ұсыныс жасады

22 қыркүйек, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: Shutterstock

Венесуэла президенті Николас Мадуро АҚШ әкімшілігімен тікелей диалог бастау үшін арнайы өкілі Ричард Гренелл арқылы Дональд Трампқа хат жолдады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мадуро Венесуэла есірткі тасымалында басты рөл ойнайды деген айыптауларды жоққа шығарды. Оның айтуынша, Колумбияда өндірілетін есірткінің небәрі 5%-ы ғана Венесуэла аумағы арқылы өтеді, ал оның 70%-дан астамын венесуэлалық билік жояды.

«Президент мырза, біздің тарихи әрі бейбіт болуы тиіс қарым-қатынасымызға көлеңке түсірген жаланы бірге жеңе аламыз деп үміттенемін. Осы және басқа да мәселелер әрқашан Сіздің арнайы өкіліңізбен (Ричард Гренелл) тікелей әрі ашық әңгіме жүргізу үшін ашық болады. Мақсатымыз – БАҚ-тағы шуды және жалған жаңалықтарды еңсеру», — делінген Мадуро хатында.

Хат АҚШ-тың Венесуэла кемесіне алғашқы соққы жасағанынан бірнеше күннен кейін жіберілді. Вашингтон ол кемені еш дәлелсіз есірткі саудасымен байланыстырған. Шабуыл салдарынан 11 адам қаза тапты. Дональд Трамп олардың АҚШ-та террористік ұйым деп танылған Tren de Aragua тобының мүшелері екенін мәлімдеді.

Айта кетсек, тамыз айында АҚШ әкімшілігі Мадуроны тұтқындауға алып келетін ақпарат үшін сыйақыны 15 млн доллардан 50 млн долларға дейін көтерген болатын.
 

Тэгтер:

Трамп есірткі Мадуро