Нетаньяху Палестинаны мойындайтындарға жауап қатты

22 қыркүйек, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Палестинаны мойындау оның елі үшін үлкен қатер әкелетінін мәлімдеді. Бұл туралы The Times of Israel басылымы жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Саясаткердің айтуынша, Израиль Палестина мемлекетін құруға шақыруларға жауап береді.

«БҰҰ-да мен шындықты айтамын. Бұл – Израильдің шындығы ғана емес, зұлым күштерге қарсы біздің әділетті күресіміздегі объективті шындық және шынайы бейбітшілікке деген көзқарасымыз – күш арқылы бейбітшілік», – деді Нетаньяху.

Оның сөзінше, мұндай қадам Израильдің өмір сүруіне қауіп төндіреді.

«Біз сондай-ақ БҰҰ-да және басқа да барлық алаңдарда бізге қарсы бағытталған жалған насихатпен және Палестина мемлекетін құруға шақырулармен күресуіміз керек. Өйткені ол біздің өмір сүруімізге қатер төндіріп қана қоймай, терроризм үшін абсурдтық сыйақы болмақ», – деп атап өтті Израиль премьері.

Еске салсақ, Канада, Австралия және Ұлыбритания Палестина мемлекетін мойындағанын жариялаған. Канада – Палестинаны ресми түрде мойындаған «Үлкен жетілікке» (G7) мүше алғашқы мемлекет.

Бұған дейін БҰҰ-ның тәуелсіз комиссиясы Израильдің Газа секторындағы іс-әрекеттерін геноцид деп таныған болатын. Израиль СІМ комиссия есебін жоққа шығарды.

Осы кезде Израиль әскері Газа қаласын бақылауға алу үшін құрлықтағы операцияны бастаған еді. Тұрғын үйлерге шабуыл жасалып, қалада танктер пайда болды. 62 адамның қаза тапқаны және көптеген адамның жараланғаны хабарланды.
 

Тэгтер:

Израиль Палестина Нетаньяху