Нұрбол Назарбаев «Жаңа Қазақстанның» қара тізіміне енді. Қаржы министрлігі жанындағы Активтерді қайтару комитеті оның күмәнді жолмен келген байлығын анықтап, сотқа жүгінген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Orda.kz сайты сот қаулысының көшірмесін алғанын мәлімдеді.
Әдетте олигархтардың ірі активтері бойынша істер ашық көрсетілмейді. Сот процестері жабық есік жағдайында өтеді. Сондықтан сот шешімінде толық деректер жоқ. Алайда сот Нұрбол Назарбаевқа қатысты Комитеттің талабын толығымен қанағаттандырды.
Назарбаевтан мемлекет пайдасына 106,75 млн АҚШ доллары (бүгінгі бағаммен 57 млрд теңге) өндіріп алынды. Сонымен бірге сот оны 1,75 млн доллар (925 млн теңге) айыппұл төлеуге және 230,4 млн теңге көлемінде өсімпұл төлеуге міндеттеді.
Талапты қамтамасыз ету үшін сот қатаң шектеулер қойды. Нұрбол Назарбаевтың барлық банктік шоттарына бұғат қойылып, компания кірістерін және жеке мүлкін басқаруға тыйым салынды, бизнес құрылымдарын толық бақылауынан айырылды.
Нұрболдың адвокаттары бұл қатаң шараларды процессуалдық заңбұзушылықтарға сілтеп, даулауға тырысқанымен, апелляция да нәтиже бермеді. Сот шешімі заңды күшіне енді және қайта қарауға жатпайды.