Жастардың 40%-ын әскердегі әлімжеттік пен зорлық-зомбылық алаңдатады

Бүгін, 14:02 / Қайсар Қалам
Сурет: Қорғаныс министрлігі

Қазақстандықтардың 66,9%-і қарулы күштеріміз сыртқы әскери қақтығысқа төтеп бере алатынына сенеді, бірақ жарғыға қайшы әрекеттер мен жемқорлыққа алаңдайды, деп хабарлайды Arasha.kz.

2025 жылдың 28 тамызынан 10 қыркүйегіне дейінгі аралықта DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жүргізу бюросы ел азаматтары арасында «Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін қабылдау» тақырыбында сауалнама жүргізді. Жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы PAPERLAB зерттеу орталығымен ынтымақтаса отырып, Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асырды.  

Әлем елдері әскерінің атыс қуатын көрсететін жаһандық Global Firepower рейтингіне сәйкес, Қазақстанның қарулы күштері Орталық Азия елдері арасында көш бастап, 145 елдің ішінде 57-орында тұр. Өзбекстан әскері 58-орында болса, Түркіменстан – 77, Қырғызстан – 105, ал Тәжікстан 108-орында.

DEMOSCOPE бюросы республика қарулы күштерінің әскери күш-қуатын қазақстандықтар қалай бағалайтынын білу үшін сауалнама жүргізді. Сауалнама қорытындысы респонденттердің көпшілігі (66,9%) әскеріміз елді қорғауға қауқарлы екеніне сенетінін көрсетті. Олардың үштен бірі (31,9%) бұған толықтай сенетінін айтса, үштен бірінен сәл астамы (35%) қорғай алатынына айтарлықтай сенеді. Жалпы респонденттердің 26,2%-і отандық қарулы күштер әскери қақтығысқа тойтарыс бере алатынына күмән келтіреді: 15,8%-і қорғай алмайтын шығар десе, 10,4%-і әскеріміз елді шабуылдан мүлдем қорғай алмайды деп санайды.

Сауалнамаға қатысушылар Қазақстан әскері үшін өте маңызды деген мәселелерді де атап көрсетті:

Қазақстандықтардың әскери қызметті өтеуге ниетті және дайын болуына ықпал ететін негізгі фактор әлімжеттік болуы мүмкін екені анық.

Сауалнамаға қатысушылардан жақын адамы (бауыры немесе ұлы) Қазақстан әскеріне шақырту алса не істейтінін сұрадық. Респонденттердің үштен бірі (31,9%) жақыны үшін қорқатынын көрсетуі жайдан-жай емес: 21,9%-і қолдайтынын, бірақ қатты уайымдайтынын айтса, 6,5%-і әскерге бармаудың заңды жолын табуға көмектесетінін жасырмады, ал 2,9%-і жақын адамы әскерге бармауы үшін басқа жолдарды да қарастыратынын ашық мойындады. Дегенмен, респонденттердің 40%-і жақын адамының әскерге баруын толық қолдайтынын айтты. Тағы 23,5%-і араласпайтынын, әскерге шақырылған адам шешімді өзі қабылдауы қажеттігін жеткізді.

Қарулы күштерге қазақстандық жастардың берген бағасы назар аудартады. Зерттеу 18–29 жас аралығындағы респонденттердің көзқарасы басқа топтардан ерекшеленетінін көрсетті. Жастар арасында жақынының әскерге баруын толықтай қолдайтындардың үлесі аз – 32,4%, ал орташа көрсеткіш – 41,3%.

Бұған қоса, жастардың жартысына жуығы (44,7%) толықтай келісімшартқа өтуді қолдайды (орташа көрсеткіш – 36,7%). Сонымен бірге, әскердегі әлімжеттік пен зорлыққа алаңдайтынын білдірген жастар да көп: жалпы 33,6% болса, жастар арасында 40,6%.

Түйткілді мәселелер бар екеніне қарамастан, респонденттердің 61,7%-ы Қазақстанның қарулы күштеріне сенеді, әскерге сенбейтіндердің үлесі – 13%. 22,3%-і бейтарап қарайды.

Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайларды ескере отырып, респонденттерден алдағы 5 жылда Қазақстанның қатысуымен болатын әскери қақтығыстардың ықтималдығын бағалауды сұрадық. Жалпы 14%-і мұндай жағдай болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды: 7,1%-і әскери қақтығыс болуы әбден мүмкін десе, 6,9%-і мүмкін шығар деп санайды. 42,9%-і қақтығыс болуы мүмкін емес деп есептейді, 29,7%-і қақтығыс ықтималдығын өте төмен санаса, 13,2%-і төмен шығар дейді. Респонденттердің тағы 28%-і әскери қақтығыс ықтималдығына орташа баға берген.

DEMOSCOPE сауалнама барысында Қазақстан бірінші кезекте кіммен әскери ынтымақтастықты дамытуы қажет екенін де саралап, азаматтардың пікірін білді (бұл сұраққа бірнеше нұсқа таңдауға мүмкіндік берілді). Респонденттердің 29,3%-і Ресеймен және ҰҚШҰ-мен ынтымақтасуды жөн көретінін айтса, 27,5%-і НАТО елдерімен (мысалы, АҚШ және Түркия) әріптестікті құп көреді.

22,6%-і ШЫҰ аясында Қытаймен әскери одақ болған дұрыс десе, 20%-і Орталық Азия елдерімен өзара байланысты нығайтуды жөн көреді. Қалған 18,4%-і Қазақстан бейтарап ұстанымда болып, мейлінше әскери одақтардан аулақ болғаны жөн деп санайды.

Қазақстан әскерін бағалауға ықпал ететін маңызды фактордың бірі – әскери мамандықтың қазіргі кездегі беделі. Жауап бергендердің көпшілігі (жалпы 69,9%) әскери қызметті беделді деп санаса, 23%-і олай деп есептемейді.

Қазір Қазақстанда әскерді жасақтаудың аралас жүйесі қолданыста: әскерге шақыру және келісімшартпен қызмет ету. Сауалнамаға қатысушылардан қай үлгіні мейлінше тиімді санайтынын да сұрадық. 36,6%-і толықтай келісімшартқа көшу керек десе, 36,5%-і әскери борышын өтеуге баршаны міндеттеуді құп көреді. 17%-і қазіргі аралас жүйені сақтап қалу керек деп санайды.

DEMOSCOPE зерттеуі Қазақстан әскерін қабылдауда белгілі бір қоғамдық диссонанс бар екенін көрсетті. Республиканың қарулы күштеріне және оның қауқарына деген сенім жоғары болғанымен, әлімжеттік, жемқорлық, материалдық-техникалық базаның жеткіліксіз болуы сияқты ішкі мәселелерге Қазақстан қоғамы алаңдайтынын байқатты.

Тэгтер:

әскер сауалнама Қарулы күштер