Қазақстан Қарулы күштерінің десанттық-шабуылдаушы әскерлерінің (ДШӘ) баспасөз қызметі хабарлағандай, Жетісу облысында мерзімді қызметтегі сарбаздың оқ жарақатынан қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Бүгін, 23 қыркүйекте, жауынгерлік дайындық сабақтары барысында қарумен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік шараларының бұзылуы салдарынан Жетісу гарнизонының десанттық-шабуылдаушы әскерлерінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі өмірге сыйымсыз оқ жарақатын алды. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді ДШӘ-нің баспасөз қызметі.
Мәлім етілгендей, егер лауазымды тұлғалардың салғырттығы мен бақылаусыздығы анықталса, кінәлілер ең қатаң жауапкершілікке тартылады.
«Оқиға Қазақстан Республикасының қорғаныс министрінің ерекше бақылауына алынды. Қарулы күштердің басшылығы марқұм әскери қызметшінің туған-туыстарына шын жүректен қайғырып көңіл айтады. Оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі», – деп қосты ДШӘ.