Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының ТКШ бөлімінің бұрынғы басшысы Қайрат Ахметов 400 мың теңге пара алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Аталмыш қаражатты ол кәсіпкерден алған. Ақша үшін шенеунік аудандық маңызы бар жолдарды жазғы күтіп ұстау жұмыстарының актілеріне қол қойып беруге уәде еткен, деп жазды Haluqstan телеграм арнасы.
Сотталушы өз кінәсін жоққа шығармай, шын жүректен өкінген. Бұрынғы шенеунікті түрмеге қамаған жоқ. Бірақ енді Қайрат Ахметовке қомақты айыппұлды төлеу үшін әбігерге түсуіне тура келеді. Себебі заң бойынша Ахметовтің мұндай соманы табуға небәрі бір ай уақыты бар.
– Есіл аудандық соты ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігі шеңберінде айыппұл түрінде жаза тағайындады. Яғни пара көлемінен елу еселенген мөлшерде – 20 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқаруға өмір бойына тыйым салынды, – деді СҚО Есіл ауданы прокуратурасында.
Бұған дейін де атышулы шенеуніктің жұмыста мәселелері болған. Оның ісі шілде айында өңірлік тәртіптік кеңесте қаралды. Ол мердігерлерге орындалмаған жұмыстар үшін ақша төлеген. Мәселен, су тазарту кешенін орнату бойынша. Жоба, әрине, жасалды, бірақ бірнеше ай кешігіп. Ұқсас жағдайлар ауылдарға су тарту және жол жөндеу жұмыстарында да болған. Жазда этика кеңесінің мүшелері мұндай басшыны қызметінен босатуды ұсынған. Бірақ Ахметов жұмыссыз қалмай, жекеменшік компанияға орналасқан.
Айтпақшы, бұрынғы шенеунікке қатысты сот процесі көрсетілімді түрде өтті. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында үкімді жариялауға Есіл ауданының мемлекеттік қызметкерлерін шақырған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.