Құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерге қатысты заңсыз әрекеттер болуы мүмкін деген дерек бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Бұл туралы Lada.kz сайты жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ведомство мәліметінше, әскери бөлімге келген сәттен бастап қатардағы Сұлтан Шынтеміров командирлермен және психологпен әңгімелесу барысында бірнеше рет әскери қызметті жалғастырғысы келмейтінін айтқан. Қарулы Күштерде сарбаздың психиатриялық ауруханаға түскені расталды.
«Ол 15 қыркүйекте Ақтау қаласындағы психоневрологиялық диспансерге «психикалық ауытқу» деген алдын ала диагнозбен жатқызылды. Бұл туралы әскери қызметшінің ата-анасына хабарланды. Толығырақ тексеру үшін қатардағы Ш-ны Қорғаныс министрлігінің Астанадағы Бас әскери клиникалық госпиталіне жіберу жоспарланып отыр», – делінген хабарламада.
Құрлық әскерлерінде атап өткендей, қатардағы сарбазға қатысты заңсыз әрекеттердің болу мүмкіндігі бойынша құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп жатыр.
Еске салайық, Маңғыстау облысында әскерде борышын өтеп жүрген 18 жастағы сарбаз Сұлтан Шынтеміров психиатриялық ауруханаға түскен. Туыстарының айтуынша, бұған себеп – әскердегі әлімжеттік.