Көңілдесін кабинетінде ұрған әкім сот алдында жауап беруде

Бүгін, 14:11 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайыр сот алдында жауап беруде. Оған өзі қарым-қатынаста болған әйелді соққыға жықты деген айып тағылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сотта жәбірленуші әйел 2021 жылы онымен танысқанын айтты. Аққайыр отбасын тастамайтынын, бірақ «оны да, әйелін де ренжітпейтінін» уәде еткен. Алайда бірнеше жылдан кейін алғаш рет күш қолданған. Әйелдің сөзінше, оқиға әкімнің кабинетінде болған. Айтуынша, жанжал кезінде әкім оны тұншықтырып, басы мен бетіне бірнеше рет соққы жасаған, деп жазды Orda.kz.

«Мен Аққайырды 2021 жылдан бері танимын. Әлеуметтік желіде таныстық, кейін арада қарым-қатынас орнады. Ол үйленгенін айтты, бірақ: „Отбасымды тастамаймын, сені де ренжітпеймін“ деді. Қарым-қатынасымыз жалғасты. 2024 жылдың желтоқсанында ол маған күш көрсетті. Өмірімде алғаш рет ер адам қол көтерді. Шок болдым. Шынымен жарақат алдым. Ол мені тұншықтырып, жұдырықпен ұрды. Шымшып, қабырғаға қарай сүйреді», – деді жәбірленуші.

Ал Қазбек Аққайыр айыпты мойындамай, мұның барлығын жала деп санайды. Сотта куәгер ретінде әкімдік қызметкерлері мен жергілікті блогерлер шақырылған. Әйелдің айтуынша, блогерлер арызын қайтып алуға үгіттеген. Ол үш баланы жалғыз тәрбиелеп, балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді.

«Мені басшы жұмысқа шақырып алып: „Жоғарыдан қоңырау шалып жатыр. Егер жұмыс керек болса, өзің ойлан, сен жалғызсың, балалар бар“ деді. Блогерлер де қысым көрсетті. Олар да арыздан бас тартуымды қалады», – дейді әйел.

Сот ісі жалғасуда, алда айыпталушыдан жауап алу кезеңі тұр. Белгілі болғандай, Қазбек Аққайыр Қандыағаш қаласын 2024 жылдың шілдесінен бері басқарып келеді. Бұған дейін де ол тәртіптік жаза алған.

Тэгтер:

сот әкім көңілдесі Қазбек Аққайыр