Оған экстремизмге шақыру бойынша қылмыстық іс қозғалған болуы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Бүгін таңертең дін тақырыбында YouTube-арна жүргізетін (қазіргі таңда шамамен 66 мың жазылушысы бар) Мансур Гнеевті ФСБ қызметкерлері үйінде ұстады. «Бетімен жерге жатқызып, тінту жүргізді. Телефонын тартып алып, мені ас үйге апарып, күйеуіммен жолықтырмады», – деді Гнеевтің жұбайы «Осторожно, новости» басылымына. Тінтуден кейін үйден барлық техниканы алып кеткен.
Әйелдің айтуынша, ұстау мен тінту кезінде «Русский община» өкілі де болған. Ол Мансурға «тағы да түрмеге отырғызу үшін қателігін күттім» деп айтқан. Тінту шамамен бір жарым сағатқа созылған, онымен бірге НТВ арнасының қызметкерлері де келген.
Ұсталғанның жұбайына берген ақпарға қарағанда, күйеуіне экстремизмге шақыру бойынша қылмыстық іс қозғалған (мүмкін, ҚК 280-бабына сәйкес). Оның сөзінше, бұл бес күн бұрын жарияланған Мансурдың «Израильдің Катарға шабуылы» жайлы видеосына байланысты болуы ықтимал.
Тінтуден кейін Мансурды бөлімшеге әкеткен, ал көп ұзамай сот оған бұлтартпау шарасын тағайындаған. Оны екі айға Краснодардағы СИЗО-1 тергеу изоляторына қамады. Жұбайы әлі күнге дейін онымен байланыса алмай отыр.
Бұған дейін блогер «Русский общинаны» жиі сынап, оларды «фашистер» деп атаған. Өткен жылы Мансурды тағы да ұстаған еді — ол кезде құқық қорғаушылар оны «христиан діні мен адыг жерлерінің тиесілігіне қатысты сәтсіз айтылған сөздері үшін» кешірім сұрауға мәжбүрлеген. Кейін оған өшпенділікті қоздыру бойынша әкімшілік хаттама толтырылып (айыппұл салынды), полицияға бағынбағаны үшін екі аптаға қамауға алынған.
Айта кетсек, Ресейдегі ұлтшылдар «Русский община» деген қозғалыс құрып, елдегі орыс емес ұлт өкілдеріне қысым көрсетіп, ұрып-соғып оны видеоға түсіріп отырады. Бұған дейін Ресейдегі өзбек, қырғыз және әзербайжан диаспораларын ұрып-соққан видеолары тараған болатын. Оларды көбіне құқық қорғау органдары қолдап, бірге рейдке шығып отырады.