Әнші Тоқтар Серіков әлеуметтік желілерде отбасы мен тұрмысына қатысты дүниелерді жарияламау себебін түсіндірді. Ол бұл туралы "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында баяндады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бағдарлама жүргізушісі Нұрсейіт Жылқышыбайдың "Қазір әріптестеріңіз ішкен-жегенін, жеткен жетістігін бөлісіп отырады. Сіз неге басқаша жолды таңдадыңыз?" деген сауалына әнші былай деп жауап берді:
"Бұл сұраққа жауап берсем, көпшіліктен оқшауланып қалатындай сезінем. Бірақ шындықты айтсам, жұбайыммен ақылдасып, Instagram желісіне жеке өмірімізді жарияламауды жөн көрдік. Не ішіп, не жегенімізді, қандай көлік мініп, қай үйде тұратынымызды, тіпті бала-шағамның санын да көрсеткім келмейді. Мен бар жағдайыммен шүкіршілік етіп отырған адаммын. Алайда елімізде әлі де тұрмысы төмен, күн көрісі қиындаған жандар бар. Баласының болашағына алаңдап, көзіне жас алған ата-аналар бар. Сондай сәттерді ойласам, көңілім құлазиды. Өзім мақтанып жатқанда, бір адам маған мұңайып қарап тұрса, бұл – мен үшін үлкен сын. Сондықтан өнердегі барша әріптестеріме айтарым: бұл – жылтырап, мақтанып отыратын емес, керісінше, байлығыңды жасыратын заман. Аш адамды тойдырып барып мақтан. Кейде өзімді сырттан түсіріп алған видеоларды көргенде ұялып, өкінетін сәттерім болады", – деп шын көңілмен бөлісті.