Қазақстан-Ресей шекарасында 7 мыңнан астам жүк көлігі кептеліп тұр

Бүгін, 16:12 / Қайсар Қалам
Сурет: АқЖайық

Қазақстан мен Ресей шекарасында 7 мыңнан астам жүк көлігінен тұратын кептеліс пайда болды. Олардың арасында киім-кешек, аяқ киім, ыдыс-аяқ және үстел ойындарын тиеген фуралар бар, деп хабарлайды Arasha.kz «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.

«7 мыңнан астам жүк көлігі Қазақстан мен Ресей шекарасында бөгеліп тұр. Telegram-арна Mash мәліметінше, фураларда – киім, аяқ киім, ыдыс және тіпті үстел ойындары бар. Атап айтқанда, он жүк тартқышта кемінде 25 мың қорап «Монополия», Dungeons & Dragons және «Мафия» ойындары тасымалдануда», – делінген хабарламада.

Тасымалдаушылардың айтуынша, бір жүк көлігін жеткізу құны шамамен 70 мың долларды құрайды, оған жүктің өз құны кірмейді.

Жүргізушілердің шағымынша, олар қалыпты жағдайсыз шекарада үшінші аптадан бері тұр: тамақ, су және әжетхана жоқ. Кешігулерге байланысты тауарлар Мәскеу базарлары мен тапсырыс беру пункттеріне жетпей, кәсіпкерлер шығынға ұшырап жатыр.

Мәселені кедендегі тексерістердің күшеюімен байланыстырады. Қызметкерлер контрафактілік өнімді табу үшін фураларды мұқият қарап жатыр, соның салдарынан кезек ұлғайып келеді.

«Дереккөздердің мәліметінше, күту тағы кемінде үш күнге созылуы мүмкін», – деп қосты «Ақ Жайық».