Блогер министрді жалған ақпарат таратты деп сотқа берді

25 қыркүйек, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Ауыл шаруашылығы тақырыбында жазатын журналист әрі блогер Кирилл Павлов ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты сотқа берді. Бұған сүтке қатысты статистика себеп болған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Павлов Астана полициясына «Қазақстанның сүт өнімдерімен 100% өзін-өзі қамтамасыз етуі туралы әдейі жалған ақпарат тарату фактісі бойынша» арыз жазған.

Блогер статистика мен халықаралық деректерді алға тартты: 2024 жылы Қазақстан 183 мың тонна сүт пен сүт өнімдерін 410,7 млн АҚШ долларына импорттаған.

– Сыр мен сүзбе нарығындағы импорт үлесі 48%-ға, ал май мен май-тоң май өнімдерінде 15%-ға жетеді, – деді Павлов.

2025 жылғы алғашқы сегіз айда Қазақстанда сиыр еті бірден 23%-ға қымбаттады. Ал жалпы алғанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары жыл басынан бері орта есеппен 7,9%-ға өскен.

2025 жылғы 20 қыркүйекте Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықта сиыр еті бағасының өсуі байқалып отырғанын және бұл тұтынушылар арасында алаңдаушылық туғызғанын мойындады.

23 қыркүйекте министр Айдарбек Сапаров: «Қазақстанда ет енді қымбаттамайды», – деп мәлімдеді.

Сол күні Сауда министрлігінде сиыр еті бағасына қатысты сұрақтар бойынша жедел желі іске қосылды.
 

Тэгтер:

сот министр Айдарбек Сапаров блогер