«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ-ына қатысты ұшақтарға жанармай құю бағасын негізсіз көтеру фактісі бойынша тергеу басталды, деп хабарлайды Arasha.kz ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.
«Қазіргі таңда департамент «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ-ына қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Кәсіпкерлік кодекстің 224-бабына сәйкес, департамент тарапынан кемінде 30 күнтізбелік күн бұрын қорытынды жобасы жіберілген болатын. Жіберілген қорытынды жобасы – алдын ала құжат, ол танысу және қарсылықтар мен (немесе) түсініктемелер беру мақсатында жолданады. Қорытынды баға тергеу аяқталғаннан кейін беріледі», – деп жауап берді Астанадағы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті.
Еске салайық, Астана әуежайына ұшақтарға жанармай құю бағасын заңсыз қымбаттату айыбы тағылғаны 17 қыркүйекте хабарланған болатын.