Оралдық белсенділерге Республика күні митинг өткізуге рұқсат берілмеді

26 қыркүйек, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Азаматтық белсенділер Бекболат Өтебаев пен Роза Қариева 25 қазан – Республика күні бейбіт митинг өткізуді жоспарлаған. Олар әлеуметтік мәселелерді – азық-түлік пен коммуналдық қызмет бағасының өсуі, зейнетақы мен жәрдемақының аздығын көтермек болған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Белсенділер митинг өткізу туралы өтінішті 22 қыркүйекте берген. Алайда 24 қыркүйекте әкімдік өтінішті қанағаттандырмай тастаған. Орал қаласы әкімінің орынбасары Аслан Тапишевтің жауабында дәл осы уақыт пен орында – «Қазақстанның даңқты қыздары» саябағында – басқа іс-шаралар жоспарланғаны айтылған: онда «Жастар Рухы» жастар қанатының филиалы ашық микрофон мен квест ұйымдастырмақ.

Сонымен қатар Тапишев әкімдік белсенділерге балама орын ұсына алмайтынын атап өткен, себебі «Республика күнін мерекелеуге байланысты барлық балама алаңдар бос емес».

Айта кетейік, 25 тамызда да белсенділерге Конституция күні митинг өткізуге рұқсат берілмеген еді.
 

Тэгтер:

митинг орал белсенділер Республика күні