Ресейдің Ленинград облысында 20-ға жуық адам арақтан қайтыс болды

26 қыркүйек, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: pexels

Ленинград облысында үш күн ішінде 19 адам қолдан жасалған алкогольден улану салдарынан көз жұмды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Барлық қаза тапқандар мен зардап шеккендер – Сланцы қаласы мен оған іргелес Гостицы ауылының тұрғындары. «Жалған» ішімдік дайындап, сатып келген деген күдікпен 79 жастағы зейнеткер және 60 жастағы балабақша қызметкері ұсталды. Әйелдің суррогатты өзі жасағаны болжанып отыр.

Арақ жасағыш зейнеткер  бұған дейін де «жалған» ішімдік сатқан үшін айыппұл төлеген. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, 24 қыркүйекте Гостицы ауылының 54 жастағы тұрғыны бірінші болып уланған. Ол ауруханаға жеткізілгенімен, екі сағаттан соң қайтыс болған. Сол күні кешке ауылда 69 жастағы ер адам көз жұмды, ал көршілес үйден 42 жастағы ер мен 58 жастағы әйелдің денесі табылды.

25 қыркүйекте сол ауылда тағы бір ер адам мен оның 46 жастағы көршісі қаза тапқан. Сол күні Сланцыда 60 жастағы әйел қайтыс болды, ал оның 39 жастағы ұлы ауруханаға жеткізілді.

Гостицы ауылынан тағы екі адам ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Кейіннен олардың да қайтыс болғаны белгілі болды. Осылайша, қаза тапқандар саны 12-ге жетті. Құрбандардың арасында суррогат самогонды жасаған күдіктінің 75 жастағы жұбайы да бар. Тінту барысында полиция бос шыны бөтелкелер мен спирт иісі шыққан 10 литрлік пластик канистрлер тапты. Кейінірек аудан билігі құрбандардың саны 19-ға жеткенін хабарлады.

79 жастағы күдікті жергілікті тұрғындарға ішімдік сатып келген болуы мүмкін. 47news мәліметінше, бес жыл бұрын ол «жалған» спирт саудасы үшін айыппұл төлеген. Суррогатты оған Сланцыдағы 60 жастағы дефектолог-мұғалім әйел жеткізіп отырған деген болжам бар. Ол да ұсталды. Бұл фактіні Ресей ІІМ ресми өкілі Ирина Волк растады.

Бутлегердің көршісі де растады: тек олардың кіреберісінен үш адам қайтыс болған, бәрі де әлгі көршісінің ішімдігін алған. Оның айтуынша, зейнеткер 1990-жылдардан бері самогон қайнатып, спирт сатып алып, өзіндік «қоспа» дайындап келген. Әйел болса оған «қолдан жасалған» спирт жеткізіп отырған, ал ол ішімдікті бөтелкелерге құйып, сатқан.
 

Тэгтер:

Арақ ​​​​​​​Ленинград облысы қолдан жасалған арақ