Қазақстанның бірқатар облыстарында автомат, тапанша мен гранаталар тәркіленді

29 қыркүйек, 2025 / Қайсар Қалам
сурет: ҰҚК

Қазақстанның бірнеше өңірінде автомат, тапанша және гранаталар тәркіленді, деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) баспасөз қызметі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ҰҚК заңсыз қару-жарақ пен оқ-дәрілер айналымына қарсы жүйелі шаралар қабылдап келеді. 2025 жылдың қыркүйегінде ҰҚК полиция органдарымен бірлесіп және прокуратураның үйлестіруімен Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Ұлытау, Абай, Жетісу өңірлерінде заңсыз айналымдағы қаруларды іздестіру және тәркілеуге бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді. Нәтижесінде 62 қару-жарақ тәркіленді, олардың ішінде үш Калашников автоматы, 16 тапанша, 43 мылтық, төрт граната және 4 мыңнан астам оқ-дәрі бар», – делінген дүйсенбі күні жарияланған хабарламада.

ҰҚК нақтылағандай, тәркіленген қарулардың ішінде 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 10 қару анықталған.

«Аталған деректер бойынша тергеу-жедел іс-шаралары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр», – деп қосты комитет.
 

Тэгтер:

ҰҚК қару автомат тапанша