Қазақстанда такси жүргізушілері мен курьерлер кәсіпкер ретінде саналмайтын болды

29 қыркүйек, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

2026 жылдан бастап Қазақстанда такси жүргізушілері мен курьерлер жеке кәсіпкер (ЖК) мәртебесінен айырылады. Бұл норма жаңа Салық кодексі аясында күшіне енеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынбергеннің айтуынша, бұл қосымша мен интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін таксистер мен курьерлер туралы – "Яндекс", InDrive, Glovo, Wolt және басқа сервистерге байланысты.

Қазіргі уақытта осы платформалардың операторлары жұмысшылар үшін әлеуметтік төлемдерді өздері ұстап қалып, аударады. Бұл норма 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енген және жаңа Салық кодексінде сақталады. Ең басты айырмашылық – мұндай санаттарға арналған ЖК мәртебесі жойылады.

«Қазір арнайы салық режимін қолданып жүргендер – олар ЖК. Жаңа жылдан бастап есептен алынып, жеке тұлға ретінде қарастырылады», – деді Шынберген.

Екінші өзгеріс төлем құрылымына қатысты: бұрынғыдай бірыңғай 4 пайыздық тариф сақталады, бірақ оның құрамынан жеке табыс салығы (ЖТС) алынып тасталады. Оның орнына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖБМЗЖ) енгізіледі, оны да платформаның операторы ұстап қалады.

Анықтама: ЖТС – жеке тұлғалардың кірістерінен (жалақы, бизнес табысы, гонорарлар және т.б.) төленетін салық.

«Жаңа Салық кодексінде де – 4 пайыздық әлеуметтік төлемді, мысалы, таксистер үшін, платформа ұстап қалады. Ай соңында оператор оларды қорларға аударады. Дәл осы тетік сақталады. Қазіргі таңда ел бойынша шамамен 118 мың адам осы жүйені пайдаланып жүр», – деп нақтылады басқарма басшысы.
 

Тэгтер:

салық такси жеке кәсіпкер