Кекшіл қылмыскер түрмеден босай сала полицейдің басын кескен

Бүгін, 17:02 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

2024 жылдың мамырында бірнеше қылмыс жасаған Виктор Сербокрыл, жақында ғана түрмеден босағаннан кейін, криминалист Құмар Шойтасовтан кек алу жоспарын жүзеге асырды. Сербокрыл оны, сондай-ақ істі тергеген тергеуші мен Ұзынкөл ауданы ПД сарапшысын өзіне бір жыл колонияда отыруға себепші болған жаулары деп санаған. Ол жазасын шартты түрде мерзімінен бұрын өтеу арқылы бостандыққа шыққан, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қылмыскер олардың тек біреуін ғана айуандықпен өлтіре алды. Ол еңбек демалысында жүрген полицейді үйінен тауып, қастандық жасаған. Осы жағдай бойынша марқұмның анасы полиция департаментінен өтемақы талап еткенде, соттың алғашқы инстанциясы департаменттің ұстанымын қолдап, ананың талабын қанағаттандырмаған. Сот шешімінде қаза болған криминалист қылмыс жасалған сәтте қызметтік міндетін атқармағаны айтылған, деп жазды Halyqstan телеграм арнасы.

Алайда апелляцияда бұл шешімді қайта қаратуға мүмкіндік туды. Коллегияның қорытындысы бойынша, қылмыстың себебі полицейдің кәсіби қызметімен байланысты болғандықтан, оның қаза табуы да қызметтік міндетін атқаруына тікелей қатысты деп танылды.

Сот қаулысымен Қостанай облысы полиция департаментінен марқұмның 60 айлық ақшалай қамтамасыз ету мөлшеріндегі өтемақысы өндірілді. Ақшалай түрде ол 23 млн теңгені құрады.
 

Тэгтер:

сот полиция қылмыскер