The Moscow Times басылымының жазуынша, биыл Ресей Қытайға газды Еуропаға қарағанда 38%-ға арзан бағамен сатып отыр. РФ Экономикалық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Қытайға жеткізілетін ресейлік газдың орташа бағасы 1 мың текше метріне $248,7 болса, Еуропа мен Түркияға — $401,9.
Келесі үш жылға болжам бойынша да айырмашылық сақталады: Еуропа үшін $356,7, ал Қытай үшін $243,6. Бұл шамамен 32%-ға төмен. Салыстыру үшін, 2024 жылы жеңілдік 29% болған.
Газпром басшысы Алексей Миллер Қытайға газ «объективті түрде арзан болуы тиіс, өйткені оны жеткізу қашықтығы қысқа» деп мәлімдеген еді. Алайда сарапшылардың пікірінше, Мәскеу Еуропамен байланыстардың үзілуінен болған қаржылық шығынды өтей алмай отыр.
Еске сала кетсек, ЕО 2027 жылдың соңына дейін ресейлік энергия ресурстарынан толық бас тартуды жоспарлап отыр. Осыған байланысты Ресей Қытайға «Сила Сибири» және жаңа бағыттар арқылы жеткізуді арттыруға тырысуда. Бірақ Мәскеудің жариялаған кейбір келісімдерін Қытай жағы ресми түрде растаған жоқ.