Маңызды қадам! Олқылықты жойдық! Асхат Аймағамбетов сүйінші жаңалығын айтты

1 қазан, 2025 / Arasha.kz
ашық дереккөзден. Суретте: Асхат Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа қабылданған заң жайлы қуанышты жаңалығын хабарлады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Айтуынша, өткен аптада олардың бастамасымен әзірленген маңызды құжат заң жүзінде бекітілді.

Мектептердің күрделі жөндеуі. Президент Жолдауында айтылған тапсырмаға сәйкес, енді Оқу-ағарту министрлігі жөндеуді қаржыландыру тәртібін бекітеді. Ал әкімдіктер жыл сайын мектеп ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізуге міндетті түрде қаржы бөлуі тиіс. Бұл – мектептердің апатты күйге түспеуіне бағытталған нақты қадам.

Бірінші сынып оқушыларына қолдау. Жаңа оқу жылынан бастап қазақ тілін толық меңгермеген, бірақ мемлекеттік тілде білім алуға келген балаларға бейімделген бағдарлама ұсынылады. Арнайы қосымша сабақтар арқылы олар қатарластарынан қалып қоймай, оқу процесіне жеңіл бейімделеді. Мұндай тәжірибе Финляндия, Канада, Эстония және Германияда бұрыннан бар.

ЖОО-ға академиялық еркіндік. 2027 жылдан бастап үздік университеттерге қосымша еркіндік беріледі. Олар өздері білім бағдарламаларын жасақтап, ғылыми дәрежелерді тағайындай алады.

"Еркіндік алғың келсе, сапаңды көрсет" – деп атап өтті депутат.

Ашықтық принципі. Мектептер мен балабақшалардың штат кестесі қоғамға қолжетімді болады. Мысалы, қай балабақшада қанша әлеуметтік педагог, әдіскер немесе күзетші бар екені ашық көрсетілмек. Бұл – "қағаз жүзіндегі қызметкерлерді" болдырмауға бағытталған шара.

Әдістемелік орталықтар. Бұрын заңда тек "әдістемелік кабинет" ұғымы ғана болғандықтан, орталықтардың қызметіне күмән туып, қаржыландыруда қиындықтар туған. Енді бұл олқылық жойылды: заңға "әдістемелік орталықтар" да енгізілді. Осылайша облыстық және аудандық әдістемелік орталықтар қызметкерлері тиісті үстемақыларын ала алады.

Колледждер мен аттестация. Білім ұйымдарының аттестациядан өту тәртібі өзгертілді. Сонымен қатар колледждер үшін рейтинг жүйесі енгізілді: енді олардың қаржыландыруы көрсеткен сапасына қарай бөлінеді.

"Жалпы алғанда, заңның басты мәні – сапа, әділдік пен ашықтық", – деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.

Тэгтер:

мектеп Асхат Аймағамбетов