Қазақстандық азамат Ресейде еңбек етуге барған жерінен соғысқа жіберіліп, қаза тапты. Бірнеше ай бойы хабарсыз кеткеннен кейін оның денесі туған еліне әкелінді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Адвокат Мейірман Шекеевтің сөзінше, оған жүгінген тұрғын бауырының Ресейге нәпақа табу үшін кеткенін айтқан. Кейін іздестіру барысында оның соғысқа аттандырылғаны белгілі болған.
– «Біз ұзақ уақыт бойы іздеу жүргіздік. Нәтижесінде азаматтың Ресей Федерациясының тарапынан соғысқа жіберілгенін анықтадық. Өкінішке қарай, бірнеше айдан кейін тек оның денесін ғана туыстарына қайтаруға мүмкіндік болды», – деді Шекеев.
Марқұм Кәкімбек Мұсаевтың жақындарының айтуынша, ол 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында Ресейге жұмысқа кеткен. Соңғы рет байланыс өткен жылдың желтоқсанында болған.
– «6 не 7 желтоқсанда сөйлестік. Асығып тұрғанын айтып, кейін хабарласамын деді. Содан соң телефоны сөнді. Қанша қоңырау шалсақ та, жауап болмады. WhatsApp-та белсенді болғанын байқадық. Кейін Марсель есімді жігіт хабарласып, ‘ол қайтыс болды’ деді. Дәлел сұрағанымызда телефонын өшіріп тастады», – дейді туыстары.
Кәкімбек Мұсаев біраз уақыт «хабарсыз кеткендер» қатарында есептелді. Ақыр соңында оның қазасы расталып, мәйіті Қазақстанға жеткізілді.
Бұл қайғылы жағдай отбасы үшін ауыр соққы болып қана қоймай, қоғам назарын да аударды. Марқұмның туыстары қазақстандықтарға Ресейге жұмыс іздеп бармауға кеңес беріп, өзге елдің соғысына араласудан сақ болуға шақырды. Олар жастардың нәпақа табудың басқа жолдарын қарастырғанын қалайды.