Абай облысында полицеймен төбелескен ер адам сотталды

2 қазан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ЖИ

Бородулиха ауданы Жезкент кентінің тұрғыны мас күйінде анасының пәтерінде жанжал шығарған. Шақырту бойынша келген полицей оған бөлімшеге баруды талап еткен. Алайда ер адам қарсылық көрсетіп, тәртіп сақшысының бетінен бірнеше рет ұрып, формасын жыртқан, деп хабарлайды Arasha.kz.

Кейін ауылдық полиция бөлімінің ғимараты алдында да жанжал жалғасқан. Ұсталған азамат қайтадан полиция қызметкеріне қол жұмсап, оның денсаулығына жеңіл жарақат келтірген.

Сотта ер адам кінәсін мойындап, істеген ісіне өкініп, бірнеше рет ұрған полицейден кешірім сұраған.

— Сот Е-нің әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 3-бөлігі бойынша — билік өкіліне қызметтік міндетін атқару кезінде өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолдану деп саралады. Жаза тағайындау барысында сот айыпталушының кәмелетке толмаған балалары барын, кінәсін мойындағанын және өкінгенін, сондай-ақ жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерді. Сонымен бірге құқық бұзушылықтың қайталануы, тұрғылықты жері бойынша теріс мінездеме және жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілігінің жоғары екендігін ескере отырып, сот айыпталушыға екі жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау қажет деп тапты, — деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Жазасын ол қылмыстық-атқару жүйесінің минималды қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
 

Тэгтер:

сот төбелес полиция