Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад Мәскеуде улау әрекетінен кейін ауруханаға жеткізілген, деп хабарлады Сириядағы адам құқықтарын бақылау обсерваториясы (SOHR).
Ұйымның дерегінше, қазір саясаткерге жедел көмек көрсетілгеннен кейін ол медициналық мекемеден шығарылған. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалады.
Ауруханада Асадты шектеулі адамдар ғана көре алған. Олардың қатарында бұрынғы президенттің ағасы Махер Асад және президент істері жөніндегі бұрынғы бас хатшы Мансур Аззам болған.
«Улау арқылы жасалған қастандық жай ғана жеке шабуыл емес, кең саяси астарға ие. Операцияны ұйымдастырушылардың мақсаты – Асадты өлтіруді Ресей үкіметімен байланыстырып көрсету болған», – делінген SOHR-дың Х платформасындағы жарияланымында.
Бұған дейін Сирияның жаңа лидері Ахмед аш-Шараа ресми Дамасканың Мәскеуге бұрынғы президент Башар Асадты қайтару туралы өтінішін Ресей қабылдамағанын айтқан еді. Саясаткердің сөзінше, билік ауысқанына қарамастан, Сирия Ресейдің мүдделерін ескеруге тиіс, себебі болашақта ел қайтадан Мәскеудің көмегіне мұқтаж болуы мүмкін.