Черногорияда жалқаулықтан чемпионат өтіп жатыр

2 қазан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Плужине қаласында жалқаулықтан жарыс өтіп жатыр. Ең ұзақ жатып шыққан жеңімпазға 2 мың еуро табысталады. Чемпионатқа Ресей, Украина, Түркия және Сербиядан келгендерді қоса алғанда, 20 қатысушы қатысуда. Олардың барлығы қазірдің өзінде төсекке жайғасқан, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қатысушыларға төсектен тұрмай-ақ қажеттінің бәрі жеткізіледі: тамақ, сусын, интернет және әр сегіз сағат сайын 15 минуттық үзіліс беріледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушыларды іріктеу психологпен бірге жүргізілген.

Чемпионат соңғы рет 2023 жылы өткен болатын. Ол кезде Лидия есімді қатысушы 50 күн төсектен тұрмай жатып, жеңімпаз атанған. Биыл ол тағы да жарысқа қатысып отыр. Айтуынша, 2026 жылға дейін жатуға дайын.

Ұйымдастырушылар келесі жылы төсектерді көшеге шығарып, ашық аспан астында чемпионат өткізуді жоспарлап отырғандарын мәлімдеді.
 

Тэгтер:

чемпионат Черногория Жалқаулық сайыс