25 қыркүйекте Мемлекеттік дума Шешенстандағы бірнеше елді мекендерді қайта атау туралы заң жобаларын алғашқы оқылымда қабылдады. Бұл бастаманы депутат, генерал Владимир Шаманов сынға алды, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Әуелі орыс тілді халықты ол жерден қуып шықтыңдар, енді атауларын да өшіріп жатырсыңдар», — деді депутат.
Бейсенбі күні ЧГТРК «Грозный» телеарнасы Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың Шамановты «жиіркенішті арамза» деп атап, оны «жасаған қылмыстары үшін трибуналға жіберуге» шақырған бейнежазбасын жариялады.
«Ол шешен халқына ең қатыгез болған генерал еді, ер адамдарды далаға шығарып, атып тастайтын», — деді Қадыров. Сондай-ақ ол Telegram-арнасында Шамановты Украинадағы соғысқа баруға шақырды.
Шаманов — Ресей батыры, әуе-десанттық әскердің бұрынғы қолбасшысы, 1996 жылы Шешенстандағы әскер тобын басқарған. 2016 жылдан бері — Мемлекеттік думаның депутаты.
Шешенстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Нурди Нухажиев Шамановтың есімі республика тұрғындары үшін «қанды жолында тірі жанды қырып-жойған генерал Ермоловтың есімімен қатар тұрады» деп айтқан.