Алматы қаласының тергеу изоляторында Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Дастан Слямқұловтың қаза болуына байланысты тексеріс басталды, деп хабарлайды Arasha.kz сайты ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап.
«Тергеу изоляторында тергеу-қамаудағы ер адам кенеттен көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша өлім себебі – жедел жүрек жеткіліксіздігі. Өлім фактісі бейнебақылау камерасына тіркелді. Аталған дерек бойынша тексеріс жүргізілуде», – деп хабарлады Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) баспасөз қызметі.
Журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында хабарлағандай, оны шамамен бір жыл бұрын, 2024 жылдың қазан айында, пара алу және алаяқтыққа күдікпен ұстаған.
Козачковтың дереккөзіне сүйенсек, түстен кейін Слямқұловқа қоғамдық қорғаушы ретінде қатысып жүрген әкесі келген. Судьяны кездесу бөлмесіне жеткізу барысында оның денсаулығы күрт нашарлаған. Қызметкерлер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дәрігерлерді шақырған, алайда келген жедел жәрдем оның қазасын растаған.