Петропавлда «Құлагер» ХК басшысы алаяқтық күдігімен іздестірілуде

4 қазан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Легионерлерге қазақстандық паспорт жасатып беремін деп уәде беріп, ақша алғаннан кейін «Құлагер» ХК-ның басшысы Сергей Филь қашып кеткен. Ол жұмыс орнында 24 қыркүйектен бері жоқ. Енді оны тек хоккейшілер ғана емес, полицейлер де іздеп жүр, деп хабарлайды Arasha.kz.

– 45 жастағы Астана тұрғынына қатысты бірнеше адамға алаяқтық жасады деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оның тұрған жерін анықтап, ұстау бойынша шаралар қабылданып жатыр, – деп мәлімдеді Солтүстік Қазақстан облысы ПД баспасөз қызметі.

Бейресми дерекке сүйенсек, Сергей Филь легионерлерден 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ақша алған. Ол бұл қаржыға ресейлік паспорттарын қазақстандыққа тез ауыстырып беремін деп уәде еткен, деп жазды Halyqstan телеграм арнасы.

Клуб басшылығы төрт жәбірленуші барын айтады. Сонымен қатар өз қызметкерінің қылмыстық ниеті туралы да, бұрынғы криминалдық өткені жайында да білмегендерін алға тартып отыр.

Айта кетсек, 2017 жылы Фильдің заңмен проблемасы болған. Ресейде оны алаяқтық үшін соттап, іздеу де жариялаған. Челябі облысының бір газетінде:

«Миасс қаласының екі метрлік алаяғы пәтер жалдап, қожайындардың заттарын ұрлайды», – деп жазған.

Оны бірнеше алаяқтық дерегі, ұрлық және күш қолдану әрекеттері үшін күдіктенген. «Өзге  есімдермен пәтер жалдап, кейін қожайындардың тұрмыстық техникасы мен жиһазын алып, жоғалып кетеді» деп хабарлаған «Доступ» агенттігі. Оған Ресей ҚК 111-бабы (денсаулыққа ауыр зиян келтіру), 159-бабы (алаяқтық) және 158-бабы (ұрлық) бойынша істер қозғалған.

Арада бірнеше жыл өткен соң ол Қазақстаннан табылып, «Құлагер» командасының басшысы болып шыға келеді.

– Бұл қызметкер ресми түрде рәсімделіп, «Еңбек» жүйесінде тіркелген. Іздеу барысында клубқа Фильге қатысты алаяқтық жөнінде құқық қорғау органдарына шағымдар түскені белгілі болды, – деді «Құлагер» ХК директоры Игорь Шерстов.

Ол сондай-ақ Фильмен бұрын таныс болмағанын, достық байланыстары да жоқ екенін айтты. Ал ел арасындағы әңгімелерге сенуге бола ма?..
 

Тэгтер:

полиция алаяқтық іздеу Құлагер ХК Сергей Филь