Мәжіліс депутаты, бұрынғы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Таңшолпан» бағдарламасында мұғалім мәртебесі мен білім саласындағы оң өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары педагог мамандығына қызығушылық айтарлықтай артқан. Қазір бұл сала елдегі ең танымал бес мамандықтың қатарында тұр. Аймағамбетов бұл жетістікті мұғалім мәртебесін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нәтижесі деп бағалады.
"Мұғалімнің мәртебесін өсіру деген осы мамандыққа ең үздік, ең мықты мектеп түлектерін әкелу болды. Бұл мамандыққа түсу 2 жылдың ішінде 55 балдан 100 балға жетті, одан да асып кетті. Алдыңғы жылы тіпті 120 балл алған балалар мұғалім мамандығына грантқа түсе алмай қалды. Қазір "Алтын белгі" иегерлері осы мамандыққа келіп жатыр. Бәрі барғысы келетін топ-5 мамандық болса, оның ішінде мұғалім де бар", – деді ол.
Айта кетсек, бұған дейін "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданып, ұстаздарға арналған әлеуметтік және қаржылай қолдау шаралары күшейтілді. Соның нәтижесінде мұғалімдердің жалақысы кезең-кезеңімен өсті, жұмыс жүктемесі азайтылды және кәсіби дамуға мүмкіндік артты.
Сонымен қатар педагогикалық білім сапасын арттыру, оқу бағдарламаларын жаңарту және кадр даярлау талаптарын күшейту бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда.