Алматыдағы әскери бөлімде Ұлттық ұлан сарбазы терезеден секіріп кетті

5 қазан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Алматы қаласында орналасқан әскери бөлімде Ұлттық ұлан сарбазының терезеден құлауына байланысты тексеріс басталғаны туралы Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.

«2025 жылдың 4 қазанында 5571 әскери бөлімінде мерзімді қызметтегі сарбаз үшінші қабаттан секіріп кеткен. Ол Алматы қаласындағы шұғыл жәрдем ауруханасына жеткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қызметтік тексеріс тағайындалды, оқиғаның мән-жайы анықталуда», — делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, қызмет барысында дәрігерлер сарбазға «бейімделу бұзылысы» диагнозын қойған. Белгілі болғандай, ол әскерге шақырылмас бұрын жақын туысын жоғалтқан және әскери-дәрігерлік комиссияның (ӘДК) оның әрі қарай қызмет етуге жарамдылығы туралы шешімін күтіп жүрген.

Бейнебақылау камераларындағы жазбаларда бөгде адамдардың араласуы болмағаны расталды.
 

Тэгтер:

ұлттық ұлан сарбаз терезеден секірді