Асхат Аймағамбетов ел асыға күткен қуанышты жаңалықты айтты

5 қазан, 2025 / Ахмет Қанатұлы
Informburo.kz. Суретте: Асхат Аймағамбетов

Оқу-ағарту министрлігінің бұрынғы басшысы, қазіргі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты және Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов ұстаздар мерекесі қарсаңында көптен күткен жағымды жаңалықпен бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ел ішінде "ұстаздардың қорғаны" атанған депутат бұл хабарды өзінің Instagram парақшасында жариялап, педагог мәртебесін күшейтуге бағытталған жаңа заң жобасы дайын екенін мәлімдеді.

"Бұл мерекеде жылы лебіз ғана емес, ұстаздарды қорғайтын жаңа заңды да дайындап қойдық. Мұғалім мобилограф, блогер, күзетші немесе чат модераторы болмауы керек. Оның басты жұмысы – баланы оқыту. Бұл туралы Мемлекет басшысы тағы да баса айтты. Біз, депутаттар, "Педагог мәртебесі туралы" заңға түзетулер әзірлеп, Үкіметке жолдадық", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Мұғалімдер үшін басты өзгерістер

1. Есеппен күрес
Қайталанатын есеп формаларына шектеу қойылады. Енді мұғалім тек бір жүйеге ғана дерек енгізеді – қағаз түрінде ме, әлде цифрлық форматта ма, оны өзі таңдай алады. "Бір рет енгіздің бе – жетеді" қағидасы енгізілмек. Мысалы, Kundelik, НОБД немесе Bilimland платформаларының біріне енгізілген ақпарат басқа жүйелерге автоматты түрде тарайды.

2. Әлеуметтік желі – ерікті таңдау
Мұғалімдерді пост жазуға немесе блог жүргізуге міндеттеуге болмайды. Бұл – тек өз еркімен жасалатын іс. Чаттардағы қарым-қатынас тек ресми оқу жүйелері мен электронды пошталар арқылы жүреді. Мұғалім тәулік бойы хабарлама жазып отыратын модератор емес.

3. Жауапкершіліктің нақты шегі
Мұғалім мектептен тыс орын алған жағдайларға жауап бермейді. Ол күзетші де, тергеуші де емес. Заңда алғаш рет «мұғалімге тән емес функциялар» ұғымы нақты жазылады. Енді педагог еңбек келісімінде көрсетілмеген жұмыстарға тартылмайды.

4. Мектеп пен ата-ана арасындағы келісім
Мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастық туралы келісімнің заңды мәртебесі күшейтіледі. Тәрбие тек мұғалімнің мойнында емес, ортақ жауапкершілік болады. Ата-аналар мен мектеп бұл келісімді қатаң ұстануға міндетті.

5. Мұғалімге шынайы қорғаныс
Педагог мәртебесін бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі едәуір артады. Сонымен қатар заңға мұғалімге психологиялық немесе физикалық зорлық-зомбылық жасауға қатаң тыйым салатын норма енгізіледі.

"Біз, депутаттар, өз қадамымызды жасадық. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен педагогтердің ұсыныстары негізінде арнайы түзетулер әзірлеп, Үкіметке жібердік. Енді ресми қорытындысын күтеміз. Бұл бастаманы қолдасаңыздар – бөлісіңіздер. Кәсіби мерекелеріңізбен, құрметті әріптестер! Сіздерге зор денсаулық, бейбіт аспан, кәсіби табыс және шәкірттердің алғысын тілеймін. Құттықтаймыз. Қорғаймыз. Заңмен бекітеміз", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Тэгтер:

мұғалім Асхат Аймағамбетов