Ақмола облысында «Көкшетау – Атбасар» трассасында нөмірсіз көлік адамды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды Arasha.kz.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 4 қазан күні «Көкшетау – Атбасар» автожолының 176-шақырымында Toyota Avensis маркалы көлік жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Алдын ала деректер бойынша, зардап шеккен ер адамның жасы 60–70 шамасында, ол жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған.
Куәгерлердің айтуынша, көлік қара түсті болған және мемлекеттік тіркеу нөмірлері болмаған. Жүргізуші адамды қағып кеткеннен кейін оқиға орнынан бой тасалаған.
Қазір полиция қызметкерлері қаза тапқан адамның жеке басын анықтап, жүргізушіні іздестіруде. Қажетті сараптамалар тағайындалды.