"Бұл ашық ұрлық, еңбекті жоқ қылу": TEZTAP жобасының жетекшісі үндеу жасады

6 қазан, 2025 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Назарбаев Университетінің түлегі, TEZTAP интеллектуалды ойындарының негізін қалаушы Дана Қамзабек өзінің Facebook парақшасында әділдік іздеп жазба жариялады. Ол бұл үндеуін бірінші сатыдағы сотта жеңіліп шыққаннан кейін жариялаған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Дана Қамзабектің айтуынша, TEZTAP жобасы соңғы төрт жылдан астам уақыт бойы тек өз күштерімен жұмыс істеп келеді. Алғашқыда 20–30 адам ғана қатысқан бұл ойын бүгінде елдің сегіз қаласында апта сайын 500-ден астам қатысушыны жинайтын үлкен интеллектуалды жобаға айналған.

Астананың өзінде 160-қа жуық ойын өткізілген, ал осы уақыт ішінде TEZTAP авторлары 6 720 сұрақ дайындапты. Бұл сұрақтар – жай мәтін емес, логика мен танымға құрылған, әзіл мен заманауи тақырыптарды ұштастыратын, фактчекингтен өткен ерекше материалдар.

"Авторларымыз күндіз өз жұмыстарында жүріп, түнде ондаған мақаланы оқып, соңғы жаңалықтарды саралап, жаңа сұрақтар құрастырады. Бұл – үлкен интеллектуалды еңбек, эксклюзив дүние. Кез келген еңбек төленіп, мойындалуы тиіс", – дейді Дана.

Дана Қамзабектің айтуынша, 2024 жылдың желтоқсан айында республикалық TURKISTAN TV арнасы TEZTAP сұрақтарын рұқсатсыз пайдаланып, "Ой дода" атты шоу түсірген.

"Он шығарылым бойы біздің сұрақтар толық қолданылған. Скриншоттар мен дәлелдер бар. Арна өкілдерімен хабарласқанда: "Иә, алдық, бірақ сұрақтардың сіздердікі екенін білмедік" – деп ақталды. Бірақ біздің сұрақтар еш жерде жарияланбаған, ашық сатылмаған. Сондықтан мұндай уәж сенімсіз", – дейді ол.

Актриса атап өткендей, телеарна жобаны эфирден де, YouTube-тен де өшіріп тастаған. Бұл, оның пікірінше, кінәнің мойындалғанының айғағы.

TEZTAP командасы сотқа шағымданғанмен, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты олардың талап арызын қанағаттандырмаған. Сот шешімінде "TEZTAP компаниясы тиісті талапкер емес" деген тұжырым жазылған.

"Егер біз тиісті талапкер болмасақ, неге Turkistan TV барлық шығарылымды өшірді? Неге сот біздің ойыншыларды тыңдамады? Олар сұрақтардың біздікі екенін дәлелдеп бере алар еді ғой", – деп қынжылады Дана Қамзабек.

Қазіргі таңда жоба авторлары Түркістан облыстық сотына апелляциялық шағым түсірген.

Дана Қамзабек өз үндеуінде қоғамды бейжай қалмауға шақырды.

"Біз – жеке компаниямыз. Біздің негізгі табысымыз – интеллектуалды ойындар өткізу. Ал басты активіміз – сұрақтар. Бұл – біздің меншігіміз, біздің еңбегіміз. Оны рұқсатсыз пайдалану – ондаған адамның бірнеше жылдық еңбегін жоққа шығару", – дейді ол.

TEZTAP тек ойын емес, қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, білім мен мәдениетті дәріптейтін бастама екенін атап өткен Дана, ел азаматтарын әділдікті қолдауға үндеді.

"Егер сіз қазақ тілінің дамуына, білім мен мәдениетке бейжай қарамасаңыз, біздің жобаны қолдаңыз. Біз достық пен ізденіске толы орта қалыптастырып келеміз. Сондықтан еңбекпен келген меншігімізге ешкімнің қол сұқпауын талап етеміз!" – деді Дана Қамзабек.

Тэгтер:

Дана Қамзабек TEZTAP