Сүйінші, ағайын! Аймағамбетов ұстаздарды қуантатын жаңалығын жария етті

6 қазан, 2025 / Ахмет Қанатұлы
Sputnik / Санат Имангалиев. Суретте: Асхат Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ұстаздар күніне орай әлеуметтік желідегі парақшасында мұғалімдерді қуантқан маңызды жаңалығын жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Депутаттың айтуынша, мұғалімдердің кәсіби беделін қорғау және артық міндеттерден босату мақсатында «Педагог мәртебесі туралы» заңға бірқатар жаңа түзетулер дайындалып, Үкіметке жолданған.

"Бұл мерекеде жылы лебіз ғана емес, ұстаздарды қорғайтын жаңа заңды да дайындап қойдық. Мұғалім мобилограф, блогер немесе чат модераторы болмауы керек. Оның басты жұмысы – баланы оқыту", – деді Аймағамбетов.

Заңдағы басты өзгерістер

1. Артық есептерге нүкте қойылады
Мұғалім бір ақпаратты бірнеше жүйеге енгізуге міндетті болмайды. Күнделік, НОБД немесе Bilimland секілді жүйелердің біреуіне енгізілген дерек барлық жерде жарамды деп саналады.

2. Әлеуметтік желі – ерікті таңдау
Педагогтарды Instagram немесе Facebook парақшасында жазба жариялауға мәжбүрлеуге болмайды. Бұл – мұғалімнің жеке еркі. Чаттағы жұмыстар да тек ресми LMS жүйелері мен электронды пошта арқылы жүруі тиіс.

3. Жауапкершіліктің нақты шегі белгіленеді
Мұғалім мектептен тыс болған жағдайға жауап бермейді. Ол күзетші де, детектив те емес. Заңға алғаш рет «мұғалімге тән емес функциялар» деген анықтама енгізілмек. Бұл – еңбек келісімшартында көрсетілмеген кез келген жұмысты орындаудан педагогты заңды түрде қорғау тетігі.

4. Мектеп пен ата-ана арасындағы келісім күшейеді
Аймағамбетов тәрбие жұмысы тек мұғалімнің емес, ата-ананың да ортақ міндеті екенін атап өтті. Алдағы уақытта мектеп пен ата-ана арасындағы келісімшарттың мәртебесі күшейіп, екі тарап та жауапкершілікті тең бөлісетін болады.

5. Мұғалімді қорғаудың нақты механизмі
Педагог мәртебесін бұзғандарға салынатын айыппұлдар көлемі айтарлықтай өседі. Сонымен қатар мұғалімге қатысты психологиялық және физикалық қысым жасауға заң жүзінде тыйым салу қарастырылып отыр.

"Біз Мемлекет басшысының тапсырмасы мен педагогтердің ұсыныстары негізінде нақты түзетулер әзірлеп, Үкіметке жібердік. Енді ресми қорытындысын күтеміз. Қолдасаңыздар – бөлісіңіздер!" – деп жазды депутат.

Тэгтер:

мұғалім білім Асхат Аймағамбетов