Әскерде қайтыс болған 22 жастағы сарбаздың соңғы хаты табылды

6 қазан, 2025 / Arasha.kz
Arasha.kz коллажы

Алматыда мерзімді әскери қызметке шақырылған 22 жастағы Нұрасыл Әнуардың қайғылы қазасы қоғамды дүр сілкіндірді. Жас сарбаз әскерге аттанғанына небәрі бір апта болған кезде көз жұмған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Желіде марқұмның биылғы 24 ақпанда жазған соңғы хаты тарады. Онда Нұрасыл өз армандары мен өмірлік мақсаттарын тізіп жазған. Ол жақындарын қуантқысы келгенін, әкесіне көлік сатып алып беру, жүргізуші куәлігін алу, үйді жөндеу және жаңа телефон алу секілді арманын ақ қағазға түсірген.

Туыстарының айтуынша, Нұрасыл 2025 жылдың 27 қыркүйегінде әскер қатарына шақырылған. Ол Отан алдындағы борышын өтеуді үлкен мақтаныш санап, елге адал қызмет етуді өмірінің басты парызы деп білген.

"Біз оны жібергіміз келмеді, бірақ өзі қатты қалаған еді. "Бұл – менің парызым" деп үлкен сеніммен кетті", – дейді марқұмның туыстары.

Ресми мәлімет бойынша, сарбаздың өліміне менингококцемия себеп болғаны көрсетілген. Алайда отбасы бұл нұсқаға күмән келтіруде. Олардың айтуынша, Нұрасыл әскерге дейін де, борышын өтеп жүрген кезде де дені сау, сергек болған.

"Таңертеңнен бері баламыздың денесін де көрсете алмай отырмыз. Нұрасыл өте мейірімді, адал, өмірге құштар жігіт еді. Оның өлімі – отбасымыз үшін орны толмас қаза", – деп көзіне жас алды туыстары.

Тэгтер:

сарбаз қайғылы жағдай Нұрасыл Әнуар