Ақмола облысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген 152 млн теңге ұрланды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Ақмола облысы бойынша ҚМА департаменті прокуратураның үйлестіруімен әлеуметтік жағынан осал азаматтар арасындағы тұрғын үй кезегін азайтуға бағытталған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру үшін бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады.
2020 жылы «Құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «НИКС Инжиниринг Групп ИВ» ЖШС арасында құрылыс саласында мемлекеттік сатып алу туралы 500 млн теңгеден астам сомаға шарт жасалған. Алайда үш жыл бойы мердігер, құрылыс бөлімінің басшысының көмегімен, орындалған жұмыстардың жалған актілерін ұсынып отырған. Онда жұмыс көлемі мен құны асыра көрсетілген, ал іс жүзінде ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Осы заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке 152 млн теңге көлемінде залал келтірілді», – делінген хабарламада.
Сот санкциясымен күдіктілердің 100 млн теңгеден астам бағаланған мүлкіне тыйым салынды.
«Мердігерге бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу түрі таңдалды. Қылмыстық іс сотқа жолданды», – деп қосты агенттік.