8-сынып оқушысын азғырған мұғалім сотталды

7 қазан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: pexels

Түркістан облысының соты 38 жастағы дене шынықтыру пәні мұғалімін өз оқушысын азғындық әрекетке тартқаны үшін кінәлі деп танып, жаза тағайындады. Белгілі болғандай, ол — бес баланың әкесі және шамамен 16 жыл бойы мектепте жұмыс істеген, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тергеу деректеріне сәйкес, мұғалім 8-сынып оқушысын көлігімен елсіз жерге алып барып, оған тиісе бастаған. Қыз бала қашып үлгеріп, болған жағдайды туыстарына айтып берген. Кейін олар полицияға жүгінген. Оқиғадан кейін оқушы сабаққа барудан бас тартқан. Қыздың анасының айтуынша, мектептің кейбір мұғалімдері жағдайды жасыруға тырысып, тіпті отбасыға қоқан-лоқы көрсеткен.

Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындамады. Алайда тергеу оның қылмысқа қатысы бар екенін дәлелдейтін айғақтар ұсынды.

«Ол қыз балаға өзі қоңырау шалып, кездесуге шақырған. Біз барлық қоңырауларды зерттеп, оның жағымсыз іс-әрекеттер жасағанын — құшақтау және басқа да әдепсіз әрекеттер болғанын анықтадық», — деді судья Ғани Құлдасов.

Сот ер адамды кінәлі деп танып, оны 12 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ оған өмір бойы білім беру саласында жұмыс істеуге тыйым салынды. Соттың соңғы отырысына сотталушының туыстары мен отбасы мүшелері келмеді.
 

Тэгтер:

оқушы сот мұғалім