Атырауда блогерді зиратқа апарып, соққыға жыққан

7 қазан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: блогердің парақшасынан

Атырау қаласының тұрғыны Құралай Болатова өз таныстары тарапынан жасалған қатыгез шабуыл туралы айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Құралайдың айтуынша, бәрі Түркияға тур жарнамасын жариялау туралы өтініштен басталған. Ол танысы Айдана Ақмұрзиеваға көмектесуге келісіп, жазбаны парақшасында жариялаған. Кейін жазылушылардың қызығушылығын көріп, өзі де бармақ болып, ұйымдастырушыға 100 мың теңге алдын ала төлем ретінде жіберген.

Алайда сапар жүзеге аспаған. Ұшу күні келгенде, тур да, билеттер де жоқ болып шыққан. Айдана ақшаны басқа қызға бергенін айтқанымен, кейін бұл жалған екені анықталды.

«Ол ақшаны қайтарамын деп созбалақтап жүрді. Кейін маған қорқыту хабарламаларын жібере бастады. Балағаттап, шантаж жасап, жеке видеоларымды таратамын деп қорқытты», — дейді Құралай.

Жәбірленушінің айтуынша, Ақмұрзиева мен оның құрбысы оны аңдып жүріп, «сөйлесейік» деп көлікке отырғызған. Бірақ сөйлесудің орнына қыздар Құралайды қаладан тыс жерге — зиратқа апарған.

«Олар мені ұрып, тепкіледі, айқайлап, қорлады. Кейін біреуінің үйіне алып кетті. Таңертең зорға үйге жеттім. Денем түгел ауырып, көгерген жерлер көп болды. Бірақ ең қорқыныштысы — қорқыныш пен қорлану сезімі», — дейді Құралай.

Келесі күні блогер полицияға жүгінген. Қақтығыс кезінде шабуылдаушылардың бірі «шағымданудың қажеті жоқ, менің әкем прокурор» деген көрінеді.

Дегенмен полиция блогердің арызына дереу жауап берді.
 

Тэгтер:

шабуыл блогер Құралай Болатова