Қостанайлық нейрохирургке мас күйінде ота жасады деген айып тағылды

7 қазан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

Қостанайлық нейрохирург Арқалықтан келген науқастың өліміне себепші болды деп айыпталуда. Марқұмның туыстарының айтуынша, дәрігер отаны мас күйінде жасаған. Олар дәлел ретінде отадан кейін түсірілген бейнежазбаны ұсынған, деп хабарлайды Arasha.kz сайты 31 телеарнаға сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде тараған кадрларда Қостанайдың белгілі нейрохирургі көрінеді. Арқалыққа науқасқа ота жасауға келген арнайы медициналық көлікті марқұмның туыстары тоқтатқан. Олардың айтуынша, дәл осы күйде дәрігер олардың әкесіне ота жасаған, кейін қаладан тез кетпек болған. Алайда полицейлер оны медициналық тексеріске жеткізген. Видеода алкотестер де байқалады. Марқұмның қызының айтуынша, дәрігердің мінез-құлқы ағасына бірден күдік тудырған, бірақ ол оны «ерекше мінезі» деп қабылдаған. Отаны бастың гематомасына байланысты жасауға шешім қабылданған. Ал кейін, туыстарының айтуынша, медицина қызметкерлері олардың күдігін растаған.

«Ота кезінде медбикелер оның теңселіп жүргенін, әрең тұрғанын көрген. Ота жасап болған соң травматологты шақырған. Травматолог келіп, жара ашық тұрғанын, тігуді қажет ететінін айтқан. Содан кейін медбикелер ол кабинетте ұйықтап жатқанын көріпті», — деді марқұмның қызы Әсел Оспанова.

Бейнежазбаның расымен де отадан кейін бірден түсірілген-түсірілмегенін тергеу анықтайды. Ал Қостанай облыстық шұғыл медициналық көмек станциясында дәрігердің рульде болмағанын мәлімдеді.

«Ота өліммен аяқталған. Пациенттің өлімі қандай кезеңде болғаны — сот-медициналық сараптама нәтижесінде белгілі болады. Ота бөлмесіне бірнеше адам кіреді, сондықтан кімдер қатысқанын да анықтау қажет», — деді Қостанай облыстық шұғыл медициналық көмек станциясының бас дәрігері міндетін атқарушы Олег Мелешенко.

«Ота бөлмесінде көп адам болады. Егер дәрігердің жағдайы шынымен дұрыс болмаса, оны жасыру мүмкін емес. Сеніңіздер, ондай жағдайда науқасты отаға кіргізбеудің амалын табар еді», — деді «Senim» салалық кәсіподағының Қостанай облыстық филиалының төрайымы Татьяна Булгацевич.

Полиция науқастың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқанын хабарлады.
 

Тэгтер:

сот мас науқас хирург