Израиль мен ХАМАС бейбіт жоспардың алғашқы кезеңіне қол қойды

Бүгін, 08:27 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Израиль мен ХАМАС Газа секторындағы қақтығысты тоқтату жөніндегі бейбіт жоспардың алғашқы кезеңіне қол қойды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл туралы АҚШ президенті Truth Social парақшасында хабарлады:
«Мақтанышпен мәлімдеймін: Израиль мен ХАМАС біздің бейбіт жоспарымыздың алғашқы кезеңіне қол қойды. Барлық тұтқындар жақын уақытта босатылады, ал Израиль әскерін келісілген шепке дейін әкетеді. Бұл – тұрақты және ұзақ мерзімді бейбітшілікке жасалған алғашқы қадам».

Трамп келіссөздерде арағайындық жасаған Қатарға, Египетке және Түркияға алғысын білдірді.

Тараптар мынадай шарттарға келіскен:

▪️ ХАМАС барлық тұтқындарды босатады;
▪️ Израиль әскерін келісілген шепке дейін шығарып, Газаға гуманитарлық көмектің өтуіне мүмкіндік береді;
▪️ Алғашқы бес күн ішінде өткізу бекеттері арқылы тәулігіне 400-ге дейін гуманитарлық жүк көлігі өтеді;
▪️ ХАМАС палестина халқының ұлттық құқықтарынан, соның ішінде тәуелсіздік құқығынан бас тартпайды;
▪️ БҰҰ Израиль мен ХАМАС арасындағы бейбіт келісімдердің толық орындалуын қолдайды;
▪️ Бітім келісімге Израиль үкіметі ресми түрде қол қойғаннан кейін күшіне енеді.

Биньямин Нетаньяху бұл келісімді «Израильдің ұлттық және моральдық жеңісі» деп атап, оны бекіту үшін министрлер кабинетін жинайтынын айтты.

ХАМАС өкілдері де келісімге қол жеткізілгенін растады және оның шарттарының толық орындалуын қамтамасыз етуге Трампты шақырды.

Израильдік тұтқындарды босату 13 қазанда басталуы мүмкін. Ал Газадағы тұрғындар бітім туралы хабардан кейін көшеге шығып, қуанышты сәтпен бөлісуде.
 

Тэгтер:

Израиль Газа ХАМАС бейбіт келісім