Медициналық университеттің бұрынғы ректоры пара алғаны үшін сотталды

Бүгін, 09:32 / Қайсар Қалам
Сурет: Aktobetimes

Батыс Қазақстан медициналық университетінің бұрынғы ректоры Әсет Қалиевтің ұсталғаны туралы ақпарат биыл мамыр айының соңында жарияланған болатын. Қалиев кәсіпкер Инесса Мутурғановадан пара алғаны үшін сотталды. Мутурғанова да осы іс бойынша екінші айыпталушы ретінде танылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Іс материалдарына сәйкес, 2022 жылдың қыркүйегінде Қалиев БҚМУ ректоры қызметіне тағайындалғаннан кейін, бұрыннан таныс Мутурғановаға «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы қаржы алу жөнінде заңсыз схема ұсынған. Ректор қордан университет жанындағы онкологиялық науқастарға арналған оңалту бөлімін жабдықтауға қаражат алуды жоспарлаған.

«Қалиев бұл өтініштің үкіметтің онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі жоспары аясында жүзеге асатынын түсіндірген. Ал Мутурғанова өзіне бағынышты компаниялардың атынан ректордың атына онкологиялық науқастарды оңалтуға қажетті медициналық жабдықтар көрсетілген коммерциялық ұсыныс жолдауы тиіс болған», — делінген сот материалдарында.

Бастапқыда бұл схема жүзеге асқан. 2023 жылдың қыркүйегінде Қалиев «Samruk-Kazyna Trust» қорынан 249 миллион теңгеден астам қаржы алған. 2023 жылдың желтоқсанынан бастап ол Мутурғанованың фирмаларымен тегін жеткізу шартымен келісімшарттар жасай бастаған.

«Мутурғанова Қалиевке 11 640 000 теңге көлемінде пара бермек болып, 2024 жылдың 28 мамыры күні сағат 12:05-те Ақтөбеге келген. Сол күні сағат 21:35-те ол «Дастан» қонақүйінің маңында көрсетілген соманы Қалиевке тапсырған», — делінген сот материалдарында.

Осы кеште Антикор Қалиевтің үйіне тінту жүргізіп, кәсіпкерден алған ақшаны тоңазытқыштан тапқан.

Қалиев те, Мутурғанова да кінәларын мойындаған жоқ. Қалиев бұл қаражат онкологиялық науқастарға арналған оңалту орталығын ашуға демеушілік көмек болғанын айтқан.

Нәтижесінде Алматы облысының Іле аудандық соты екеуін де кінәлі деп таныды. Қалиев пен Мутурғанова сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, екеуіне мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салынды. Ал Қалиев «Ерен еңбегі үшін» медалінен айырылды.
 

Тэгтер:

сот пара ректор Әсет Қалиев