Биыл қыркүйек айында "Дала Қырандары" жастар бірлестігі синтетикалық есірткінің таралуына қарсы #сатқындар атты республикалық науқанды бастады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл бастамаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, соның ішінде Түркістан қаласынан да белсенді жастар тобы қосылды. Олар үнемі рейдтерге шығып, есірткі сататын телеграм-арналарға сілтемелерді анықтап, осылайша адамдарды алғашқы дозадан арашалап жүр.
Іс-шараның басты мақсаты – #сатқындарға қарсы күрес. Бұл бастама президенттің "Заң және тәртіп" тұжырымдамасына сай жүзеге асуда. Бүгінде синтетикалық есірткілер – жастарға төнген ең қауіпті қатерлердің бірі. Оларды таратушылар, яғни сатқындар, өз пайдасы үшін жастардың денсаулығын, санасын және болашағын құртып келеді. 2024 жылдың қыркүйегінен бері өскелең ұрпаққа қауіпсіз әрі салауатты орта қалыптастырумен айналысып келе жатқан ұйым үшін есірткі қатеріне қарсы тұру – бір реттік шара емес.