Қазақстанда дамушы елдердің ерекшеліктерін ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу жөніндегі конвенция ратификацияланды, деп хабарлайды Arasha.kz Сенат аппаратының басшысы Максим Споткайға сілтеме жасап.
Максим Споткайдың айтуынша, Қазақстан ең төменгі жалақыны есептеу бойынша халықаралық стандарттарға көшуде. Оның сөзінше, құжатта мынадай қағидалар көзделген:
- ең төменгі жалақы жұмысшылар мен олардың отбасыларының қажеттіліктерін, сондай-ақ елдің экономикалық даму деңгейін ескере отырып белгіленеді;
- белгіленген ең төменгі жалақы заңдық күшке ие және оны төмендетуге болмайды;
- мемлекеттерге ең төменгі жалақы мөлшерін қайта қарауға мүмкіндік беретін арнайы тәртіп бекітіледі, бұл ретте жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасында тиісті консультациялар жүргізіледі.
«Сенат отырысында Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев атап өткендей, бұл конвенция ең төменгі жалақыны есептеу кезінде тек қана құрғақ макроэкономикалық көрсеткіштерді емес, сонымен бірге азаматтардың нақты қажеттіліктерін де ескеруге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.